Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда заңсыз лотерея қызметін анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.


 Мониторинг нәтижесінде былтыр 121 азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған тұлғаларға ескерту хаттары жолданып, офлайн және онлайн форматта түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізген аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған. Хаттама шешімімен келіскен жағдайда құқық бұзушылар айыппұлды өз еркімен төлейді. Келіспеген жағдайда іс сотқа жолданып, белгіленген тәртіппен қаралады, делінген мәлімдемеде. Еске сала кетсек, ҚР ӘҚБтК 445-1-бабының 6 және 7-бөліктеріне сәйкес, лотерея операторы емес тұлға лотерея өткізетін болса, жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде осындай құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 750 АЕК болып еселенеді. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтан түскен табыс тәркіленеді.