Қала әкімі Достық шағынауданында салынған қоғамдық кеңістікке арнайы барды. Жоба жергілікті тұрғындардың өтініші негізінде демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылды. Демалыс орнында шамамен 1 000 шаршы метр аумаққа көгалдандыру жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, жарық бағаналары мен орындықтар орнатылып, автоматты суару жүйесі іске қосылды. Жаңа демалыс аймағы қолайлы қалалық орта қалыптастыруға және шағынаудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.


Қаланы аралау барысында №2 қалалық ауруханаға барып, жасанды интеллект негізінде енгізілген заманауи медициналық технологиялардың нәтижелерімен танысты. Мекеме қалада алғаш болып инсультті ерте анықтауға арналған отандық «Cerebra» жүйесін енгізді. Бұл технология дер кезінде нақты диагноз қоюға мүмкіндік беріп, мамандарға емдеу тактикасын дұрыс таңдауға көмек көрсетеді. Сондай-ақ өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге ықпал етеді. Жалпы ауруханада цифрландыру және орталықтандырылған госпитальдық фармация бағыттары бойынша жобалар сәтті жүзеге асырылған. Бұл шаралар дәрі-дәрмектерді тиімді пайдалануға және медициналық ұйым жұмысының нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, Қаратау ауданындағы №3 қалалық аурухананың жұмысымен танысты. Медициналық кабинеттер мен құрал-жабдықтардың жай-күйін, науқастарға жасалған жағдай мен жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу барысын тексерді. Көпбейінді бұл мекеме аудан тұрғындарына кең спектрлі медициналық қызмет көрсетеді.Жауапты тұлғаларға барлық жөндеу жұмысын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған шаралар жалғасады. Пациенттерге қызмет көрсету деңгейін жетілдіруді және медициналық мекемелерді денсаулық сақтау саласындағы заманауи стандарттарға сәйкестендіруді тапсырды.