Отандық өнімге қолдау керек. Жергілікті жылыжайларда өндірілген көкөніс импорттық өніммен бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Мегаполистегі «ALSERA KZ» ЖШС жұмысымен танысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Болатбек Нажметдинұлы мен Данабек Исабек осы мәселені көтерді. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері сайлауалды бағдарламасы аясында арнайы сапарға шыққан.
Құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын ірі инвестициялық жоба 2025 жылы іске асырыла бастаған. Жылыжай кешенінің жылдық өндірістік қуаты 155 мың тоннаға жоспарланған. Жалпы кешен аумағы 650 гектарды құрайды. Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда бірінші кезең аясында 208 гектар жерді игеру жоспарланып отыр.
ТОЛҚЫН ӘМІРХАНОВ, «ALSERA KZ» ЖШС ӨКІЛІ
Бес түрлі қызанақ егілді мастек максай және черри. Черридің үш түрі егілді. Бір жылыжайда 120-130 азамат жұмыспен қамтылған.
Жоба толық іске қосылған жағдайда ішкі нарықты жыл он екі ай бойы жаңа піскен көкөніспен қамту мүмкіндігі артып, өндіріс көлемі едәуір ұлғаяды. Сонымен қатар, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы мұндай ауқымды жобалардың өңір экономикасын дамытуға серпін беретінін тілге тиек етті. Десекте отандық өндірушілерге мемлекеттен қолдау күтетіндігін атап өтті.
БОЛАТБЕК НАЖМЕТДИНҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Өндірістің аяғынан тұрып кету үшін тек ғана қала әкімінің шамасы келмейді. Стратегиялық жоспармен мемлекет тарапынан қолдаулар қажет.
Өз кезегінде Данабек Исабек жобаның елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына тоқталып, мемлекет тарапынан инвесторларға көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесін көріп отырғанын жеткізді.
ДАНАБЕК ИСАБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Ауылшаруашылығы министрлігімен жұмыс жасаймыз. Сырттан келетін қызанақтардың бағалары қалай ақылдасып импортқа барьер қоюымыз керек.
Айта кетейік, «ALSERA KZ» жобасы аясында халықаралық стандарттарға сай заманауи зертханасы бар агроакадемиялық орталық салу да жоспарланған. Бұл орталық аграрлық салаға қажетті білікті мамандарды даярлауға бағытталмақ. Жобаны қаржыландыру толықтай шетелдік инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. Ал мемлекет тарапынан салықтық преференциялар мен қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.