Түркістан облысында 2026 жылы 100-ге жуық нысанның құрылысы жүргізіледі. Оған 56 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат білім беру, медицина, мәдениет, спорт нысандары мен тұрғын үй саласына жұмсалады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Жиында 2026 жылға арналған құрылыс жұмыстарының барысы, қаржыландыру көлемі, салааралық мәселелер мен мердігерлердің жауапкершілігі жан-жақты талқыланды.
Облыс аумағында білім беру саласында 13 нысанға 12 млрд теңге бөлінген. Оның 9-ы 2026 жылы пайдалануға беріледі. Сарыағаш қаласы мен Темірлан ауылында екі перинаталдық орталықтың құрылысы қаржыландырылуда. Облыс әкімі жауапты басқарма басшыларына, аудан және қала әкімдеріне нысандарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды, жобаларға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.
Тұрғын үй құрылысы бағытында 2026 жылы кредиттік 8 тұрғын үйдің құрылысы жалғасады. Жетісай қаласындағы 120 пәтерлік 2 арендалық тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін 620 млн теңге бөлу ұсынылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша екі нысанның құрылысы жүргізілуде.
АБАЙ ТҰРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
2026 жылы Түркістан облысында 89 нысанның құрылысын жүргізу көзделген. Оған 55,9 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 6,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен – 39,2 млрд теңге.
Инженерлік инфрақұрылым және абаттандыру саласында облыс аумағында 21 нысанның құрылысы жүзеге асырылуда. 2026 жылы олардың 12-сін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, 7 көшенің құрылысына 2,9 млрд теңге қаралып, жыл қорытындысымен 6 көше пайдалануға беріледі.