Төлеби ауданына қарасты Қосағаш елді мекенінде «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Ұлттық жоба аясында ашылған білім ұясы 300 орынға лайықталған. Мұнда кең әрі жарық сыныптар, пәндік және зертханалық кабинеттер қарастырылған. Оқушылар үшін интерактивті тақталар, робототехника және IT сыныптары жұмыс істейді. Компьютерлік кабинеттер, үйірме бөлмелері, жайлы кітапхана мен оқу залдары бар.
Қосағаштық оқушылар бұған дейін ауылдағы ескі мектепте білім алған. Ілім-білімге құштар, белсенді жастар талай олимпиадада топ жарған. Енді жаңа мектепте жетістіктер еселенеріне сенім мол.
Бұл – ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа мектеп жас ұрпақтың сапалы білім алып, заман талабына сай дамуына жағдай жасайды. Білім ордасы ел болашағы – саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуге қызмет етпек.
Мектеп ғимараты бейнебақылау, өртке қарсы заманауи жүйелермен толық жабдықталған. Инклюзивті білім беру талаптарына сай пандустар мен арнайы санитарлық тораптар орнатылған. Сонымен қатар спорт залы, ашық спорт алаңдары және заманауи асхана оқушылар игілігіне қызмет етеді.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Төлеби ауданында өзге де білім беру нысандары ел игілігіне тапсырылуда. Атап айтқанда, Көксәйек елді мекенінде 600 орындық, Киелітас елді мекенінде 900 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді.