Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Бұл мәселелер Түркістан өңірлік инвестициялық штабының кезекті мәжілісінде кеңінен талқыланды. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, әрбір инвестициялық жобаның жай-күйін жеке бақылауда ұстайтынын атап өтті.


Инвестициялық штаб отырысын облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жүргізді. Мәжілісте жаңадан іске асырылатын инвестициялық жобалар таныстырылып, жоба жетекшілерінің ұсыныстары мен мәселелері қаралды. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында «Eurasian Packing Materials» ЖШС скотч пен полипропилен қаптар өндіру жобасын жүзеге асырмақ. Облыс басшысы әлемдегі экономикалық өзгерістер өңір үшін өндіріс пен терең өңдеу саласын дамытудың маңызын айқындап отырғанын жеткізді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Біз шикізат экспорттаушы емес, дайын өнім шығаратын өңірге айналуымыз керек. Кәсіпкерлер мен инвесторларды, ең алдымен, отандық өнімді қолдауға міндеттіміз. Өңірдегі дүкен сөрелері мен сауда орындарында бірінші кезекте отандық өнімдерге басымдық берілуі тиіс. Бұл бағытта жауапты басқарма мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы нақты мониторинг жүргізіп, ұсыныстар енгізсін.


Жиында сөз алған Сауран ауданының әкімі өңірдің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, экономикалық даму бағытын баяндап берді.


 МАҚСАТ ТАҢҒАТАРОВ, САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Сауран ауданында инвестиция көлемі 71,4 млрд теңгені құрайды.Бұл жеке инвестиция есебінің 70 пайызын құрайды.Аудан аумағында тамақ өндіретін өндіріс алаңдары құрылды.


Сонымен қатар, «STRONEX» мекемесі жақын арада аяқ киім мен полимер бұйымдарын шығаратын кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Ал «Platinum Industry» ЖШС дизель-генераторлық қондырғылар өндіретін зауыт құрылысын бастамақ. Бұл жобалар аясында облыста 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.


 ЖАНДОС ТАСОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Қазіргі таңда Кентауда 15 инвестициялық жоба ашу жоспарлануда.Аталған жоба жүзеге асса, 1750 жұмыс орны ашылады.


Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысының экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 310 жаңа жұмыс орны құрылды. Өңірде 20 индустриалды аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Индустриалды аймақтарда 39 млрд теңгеге 50 жоба жүзеге асырылса, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында 223 млрд теңгеге 20 ірі жоба іске асырылып жатыр.