Шымкент қаласының полиция департаментінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың төрағалығымен жедел кеңес өтті. Жиында өткен жылдың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды. Министр орынбасарына департаменттің техникалық мүмкіндіктері таныстырылып, фронт-офистің жұмыс барысы көрсетілді. Кеңес барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тіркелген қылмыстардың жалпы саны азайып, олардың ашылу деңгейі артқан.

Атап айтқанда, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 20 пайызға, көшелердегі қылмыстар 24 пайызға төмендеді. Жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім 25 пайызға қысқарған. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында патрульдеу бағыттары қайта қаралып, жаяу патрульдер саны артты. Профилактикалық шаралар нәтижесінде 11 ойын-сауық мекемесі өз қызметін тоқтатты. Қазіргі таңда қала аумағында 198 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның 41 мыңнан астамы жедел басқару орталығына қосылған. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін 215 жаяу жүргінші өткелінде түнгі уақытта жарықтандыруды жақсартатын заманауи жүйелер орнатылды. 2025 жылдың сәуір айынан бастап мобильді «Ekin Patrol» кешені пайдалануға беріліп, оның көмегімен 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы 17 қылмыс ашылып, 879 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.