Түркістан облысында тәртіп сақшылары заңсыз аң аулау дерегін анықтады. Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері өңір аумағында профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында Түлкібас ауданында браконьерлік фактісін әшкереледі.

 Тәртіп сақшылары елді мекендердің бірінде Toyota маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік құралын тексеру кезінде екі аңшылық мылтық, дүрбі, оқ-дәрі, сондай-ақ заңсыз атып алынған елік пен түлкі табылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті шаралар қабылданып жатыр. Тәртіп сақшылары браконьерліктің жануарлар дүниесіне елеулі зиян келтіретінін және заңнамада көзделген қатаң жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.