Түркістан облысының каратэ федерациясына жаңа президент сайланды. Федерацияның жаңа басшысы болып Нұрсұлтан Бақытжанұлы Жалишов тағайындалды.
Нұрсұлтан Жалишов Түркістан қаласының тумасы. Қазіргі «Freedom» АҚ-ның «TransTelecom» серіктестігінің Оңтүстік аумақтық өкілдігінде «Сергек» бағдарламасы аясында қызмет атқарып келеді. Жаңа басшылық алдағы уақытта облыста каратэ үйірмелерінің санын арттырып, халықаралық жарыстарға жоғары деңгейлі спортшыларды даярлау үшін барын салатынын айтты. Жиында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі федерацияға бүгінге дейін басшылық етіп келген Боранбай Төлеевтің еңбегін жоғары бағалап, жемісті жұмыстары үшін алғыс білдірді. Жиын соңында облыстың каратэ жаттықтырушыларының кеңесі өтіп, өңірде аталған спорт түрін одан әрі дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
НҰРСҰЛТАН ЖАЛИШОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ КАРАТЭ WKF ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Артылған сенімнің арқасында алдағы уақытта каратэнің 5–10 жылдық деген бағдарламасын құратын боламыз. Одан бөлек жаттықтырушылардың құрамын бекітіп, өңірлер мен облыстарда каратэ дамып, облыс намысын қорғайтын қыздар мен ұлдардың шынығуын қадағалайтын боламыз.