Шымкентке Беларусьтік кардио хирургтар келіп, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сағаттарын өткізді. Бес күнге жалғасатын тәжірибе алмасу алаңында қос мемлекет мамандары 6 сәбиге күрделі ота жасайды. Науқастардың ең кішкентайы 60 күндік шақалақ, үлкені 10 айлық сәби. Операциялар қалай өтіп жатыр? Науқастардың хәл-жағдайы жақсарды ма? Қанат Жолдасбек біліп қайтты.


Әзірге жоспарланған алты отаның үшеуі аяқталған. Науқастардың жағдайы тұрақты. Әрбірі 3-4 сағатқа созылатын күрделі операцияларды негізінен Шымкенттік дәрігерлер жасайды. Минсктен келген мамандар қадағалап, сүйемелдейді. Білгенімен бөлісіп, қолқабыс жасайды.


ДИНАРА ЖҰМАДІЛОВА, ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫ МКК БАС ДӘРІГЕРІ
 – «Беларусь мемлекетінен келген 4 маман, өзіміздің 6 маман қатысып жатыр.» «Беларусь мемлекетінен келген әріптестеріміз қандай тәсілмен ота жасау керегін бірге талқылап жатыр. Негізінен оталарды өзіміздің кардиохирургтер іске асырып жатыр.»


 Оталарға BI GROUP құрылыс компаниясының медициналық қоры демеушілік жасаған. Олар былтырдан бері Қазақстанның 9 қаласында 325 тегін ота жасаған. Операцияларға тәжірибе алмасу мақсатында Австралия, Италия, Түркия, Жапония, Ресей, Беларусьтен білікті мамандар қатысқан.


ҰЛЖАЛҒАС МЕДЕТҚЫЗЫ, «МҮМКІНДІК» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
 – «194 операция ортопедия, 81 операция кардиохирургия, 51 операция эндохирургия жасалды.» «Оталарға деңгейі өте жоғары шетелдік мамандар қатысты.»


Жоба жетекшісінің айтуынша BI GROUP жұмысшылары жалақысының белгілі бір мөлшерін қайырымдылыққа жұмсап отырады. Ол қаражат медициналық мақсатқа жұмсалады екен.