Шымкентте медиация орталығының жаңа филиалы ашылды. Орталық тұрғындарға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қызмет көрсетіп, азаматтар арасындағы дауларды тиімді әрі жедел реттейтін заманауи алаңға айналған.
Орталықтың кезекті үшінші филиалы Сайрам тұрғын алабынан ашылды. Ресми түрде қызыл лента қиылып, ел ағалары мен ақсақалдар батасын берді.
Мұнда өтініштің сипатын айқындаудан бастап, даудың санатын анықтау, реттеу тәсілін таңдау, кәсіби медиаторды бекіту, құқықтық көмек көрсету және медиациялық келісім жасасуға дейінгі барлық процесс бірізді және жүйелі түрде жүзеге асырылады.
ДАНА КЕНЖЕҚҰЛОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЭТНО-МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Бұл орталықтың ашылу мақсаты мемлекет басшысының «Елдесу мен татуласу» жобасы аясында ашылған орталық. Бүгінгісі үшінші орталық Шымкент қаласында. Бір жылға жетпей үшіншісін ашып отырмыз.
Орталықта этно-медиация кабинеті, тәжірибелі кәсіби медиаторлар, адвокаттар мен өзге де сала сарапшылары халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет ұсынады. Сондай-ақ, қысқа мерзім ішінде орталық 900-ден астам дауды сотқа жеткізбей, татуласу арқылы реттеген. Бұл азаматтардың уақытын, қаржысын және жүйкелік жүктемесін едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
ЕРКІН ОТАРБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДИЯСЫ
Билік айтқанның бәрі би емес, бітімін тапқан би дейді. Бұл бізге жаңалық емес. Медиация заңы енгізілгеннен бұл жұмыс атқарылып жатыр. Өзім ойлаймын осы Сайрам м.а орталық өз жемісін береді деп. Осы орталыққа тілейтінім табысты, халықтың ақ батасын ала берсін. Елімізде тек қана татулық пен бірлік болсын.
Медиация орталығында 15-ке жуық медиатор мен заңгер бар. Филиалдың ашылуынан кейін мамандар тұрғындарға ашық есік күнін өткізді.