Сырласым жоқ деп сарсаңға түсіп жүрмеңіз. Себебі жасанды интеллект жұмысыңызды жеңілдетіп, жүгіңізді азайтады. Қажетіңізді қас қағым сәтте орындап, мәселеңізді әп-сәтте шешіп береді. Десе де сарапшылар жаңа технологияға көзсіз сенудің қауіпті екенін ескертіп жүр.
ChatGPT, маған жасанды интеллекттің артықшылықтары мен кемшіліктері жайлы ақпарат берші. Жасыратыны жоқ, бүгінде жасанды интеллект күнделікті өмірімізге етене ене бастады. Қалауымызды көп күттірмей орындайтын жүйеге шынайы сенетіндер де бар. Алайда ақылды технологияның көпшілікке беймәлім теріс тұстары да бар екенін бірі білсе, бірі біле бермейді.
Иә, жасанды интеллект жаңашылдыққа жол ашты. Түйіні шешілмеген түйткілдердің бірқатарына жауап тапты. Талай жанның мұңы мен сырын тыңдап, ақыл-кеңесін аямай беріп келеді. Ақылды жүйеге дертіне шипа іздегендер де, санасында жүрген сан сауалға жауап таппай жүргендер де жүгінеді. Тіпті жеке деректерін ұсынып, көмек сұрайтындар да бар. Ал қауіптің келерін сезген сарапшылар жасанды интеллекттің теріс тұстарын да жарыса айтып жүр.
ИСЛАМ ТҰҢҒЫШБАЙ, «SHYMKENT IT HUB» МЕНЕДЖЕРІ
Қазір жасанды интеллект дәуірі. Алайда ақылды технологияға көзсіз сеніп, жеке деректерді енгізуге болмайды. Оның зардабын қазір көрмесек те, болашақта зиянын көруіміз мүмкін.
Зиянын жіпке тізіп жатқанымызбен, желіні аша қалсақ, жасанды интеллект арқылы жасалған бейнелерден көз ашпаймыз. Енді цифрлық кейіпкерлерге авторлық құқық төлемей-ақ, шектеусіз жұмыс істеуге болады. Мұндайда уақыт үнемделіп, түсірілім шығыны да едәуір азаяды. Алайда бейненің рас-өтірігін ажырата алмай, дал болатындар да аз емес.
Бірі жалған образ жасап, көпшілікті таңдай қақтырып жүрсе… Енді бірі тарихтан сыр шертіп, көне дәуірге саяхат жасайды. Ақылды жүйе арқылы тіпті бақилық болған жанды «қайта тірілтуге» де мүмкіндік бар.
Жасанды интеллект шығармашылық саланың бір бөлшегіне айналды. Енді студияны шарлап, табаннан тозып, қомақты қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Қалауыңызды жасанды интеллект бірнеше секундтың ішінде орындап береді.
НӘЗІК ЖЕҢІСҚЫЗЫ, ӘНШІ
"Қазір тойларда жасанды интеллектті қолданып, түрлі музыка жасап жатады. Бірақ бұл технология әншілердің орнын басады дегенді білдірмейді. Халық жанды дауыста ән айтатын өнерпаздарды сүйіп тыңдайды".
Ғылым мен білім саласында да кең қанат жайған технология ұстаздардың жүгін жеңілдетіп отыр. Оқушының қабілетін дамытып, дарынын шыңдауға көмектескенімен, жасанды интеллект мұғалімнің орнын баса алмайды, - дейді мамандар.
САЛТАНАТ ЖАЛМАХАНОВА, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Жалпы алғанда, біз деңгейлік тапсырмаларды орындау барысында жасанды интеллектті қолданамыз. Сабақ үстінде оқушылардың деңгейін анықтап, теориямен шектелмей, практикалық тұрғыда білім береміз. Жасанды интеллект — мұғалімнің көмекші құралы ғана. Ол ұстаздың орнын баса алмайды.
Технологияны дұрыс бағыттап, жауапкершілікпен қолдансақ, ақылды жүйе тіршілікті жеңілдетіп, ғылым мен білімнің жаңа қырларын ашуға мүмкіндік береді. Тек саналы таңдау жасап, сапалы дүние шығару - әр адамның өз қолында.