Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын мемлекеттердің арасы алшақтай түсті. Сондықтан Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жариялап отыр. Еліміздегі білім ошақтарында оқушылар жаңа жобаларды жылдам меңгеруде. Шымкенттік оқушылар жаңашылдыққа ынтық.
Бексұлтан Бекқұлов смарт-банер ойлап тапты. Ол келешекте қаладағы банерлерді күн сәулесі энергиясына ауыстыруды көздейді. Жасанды интеллект базасында жасалған жоба сәуле сіңіретін панельдердің қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
БЕКСҰЛТАН БЕКҚҰЛОВ, ӨНЕРТАПҚЫШ
Жасанды интеллект күннің қай жақтан түсіп жатқанын есептеп, банерді күн бағытына қарай автоматты түрде бұрып отырады. Яғни, бұл бізге күн сәулесін толық қабылдауға мүмкіндік береді.
Айша Ергешова - «Роботикс» клубының мүшесі. Ол автоматтандырылған стетоскоп ойлап тапқан. Медицина саласына қажетті бұл құрал жүрекке лезде диагноз қоя алады. Жасанды интеллектпен интеграцияланған жоба адамның жүрегін тыңдау арқылы науқастың жағдайын анықтайды.
АЙША ЕРГЕШОВА, ӨНЕРТАПҚЫШ
Қазіргі жоба бес диагнозды анықтай алады. Соның ішінен бір қалыпты немесе ауытқуы бар диагноз шығарады. Мысалы, митральды регургитация, пролапс секілді диагноздарды анықтай алады.
Елімізде кәсіби кадрларды даярлау мақсатында мектептер мен жоғары оқу орындарында тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Алдағы уақытта жасанды интеллектке мамандандырылған зерттеу университетін ашу жоспарлануда.