Түркістанда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің маңызды отырысы өтті. Ауқымды жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ғылыми-сарапшылық қауым өкілдері мен қоғамдық белсенділер қатысты. Кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы бекіткен стратегиялық мәні бар екі негізгі құжат жан-жақты талқыланды.
Алқалы жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлігіміз – әралуандықта» атты 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының негізгі бағыттары кеңінен қарастырылды. Қазақстан Республикасының ішкі саясатының басты қағидаттары мен құндылықтары сөз болды.
Жиында еліміздің ішкі саясатындағы басымдықтар, Ассамблеяның алдағы жылдарға арналған даму бағыты айтылды. Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне берген сұхбатында көтерілген негізгі мәселелер жөнінде өз пікірлері сараланды. Кеңес барысында этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея құрылымдарының алдағы қызметіне қатысты бірқатар нақты ұсыныстар айтылды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық бірегейлікті дамыту жайын айтты. «Әділетті Қазақстан» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру – өңір үшін маңызды міндет екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысының тапсырмалары Түркістан облысында сапалы әрі жүйелі түрде орындалуы тиіс екенін жеткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынатыны айтылды.