Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Eurasia Group AG» компаниясының өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы техникалары, оларға сервистік қызмет көрсету жайы талқыланды. Облыс басшысы жаңа бастамаларға ашық екенін айтып, жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетілетінін жеткізді.


Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының драйвері. Бүгінгі таңда біздің өңір Қазақстанда аграрлық өнім шығарудың жоғары көрсеткіштерін көрсетуде. Өңірде 28 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар, олардың 40%-ы ескірген. Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру, жаңарту мәселесі біз үшін маңызды. Облыстың климаттық орналасуы ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін өте қолайлы. 2025 жылы Түркістан облысында жалпы өнім көлемі 4,532 млн тоннаға жетіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсуі қамтамасыз етілді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Өңірде индустриялық аймақтар, «Turan» арнайы экономикалық аймағы сияқты негізгі инвестициялық алаңдар бар. Бұл алаңдарда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері, сондай-ақ салық жеңілдіктері қарастырылған. Сонымен қатар мемлекет есебінен шағын өнеркәсіптік ғимараттар салынып, инвесторларға жалға берілуде


Компания өкілдері Түркістан облысының ауыл шаруашылығы техникаларына жүргізілген талдау қорытындыларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Жобаларын таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді. Ауыл шаруашылығы техникаларын шығару және оларға сервистік қызмет көрсету бағытындағы бастамалары жемісті боларына сенім білдірді.


СЕРГЕЙ ГЛОККЕ, ЕURASIA GROUP AG КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
Біз бұған дейінгі келіссөздер нәтижелерін жоғары бағалаймыз және серіктестігімізді одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Жаңа жобаларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазір біз Қазақстан аумағында 15 мыңға жуық техниканы іске қостық.  Қостанай облысында 10 гектар жерді 7 техникамен еңсеріп отыр. Ол дегеніміз ауыл шаруашылығында аз шығынмен мол өнім алуға мүмкіндік береді. Дәл сондай жобаларды Түркістан облысында жүзеге асыруға дайынбыз.


«Eurasia Group Kazakhstan» – ауыл шаруашылығы техникасы, жабдықтары мен агротехнологиялары нарығында жұмыс істейтін қазақстандық компания. 2002 жылы құрылған компанияның 500-ге жуық қызметкері бар. Компания ауыл шаруашылығы техникасын және бірегей қосалқы бөлшектерді көтерме жеткізуді жүзеге асырады, сервистік сүйемелдеуді, жөндеу және техникалық қызмет көрсетеді.