Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл - қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін деген еді. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтардың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр.


Қазақстан экономикасы мен қоғамдық өмірге жасанды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес. Мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, экономиканың бірқатар секторын цифрландыру ісінде нақты жетістіктер бар.


 БАУЫРЖАН ӘЛТЕЕВ, «ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ» АУМАҚТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Бүгінгі әлемдік жаңғыру цифрландыру дәуірінде біз артта қалмауымыз керек. Біздің халықтың бүгінгі деңгейі соған лайық. Сол деңгейге белсенді қатысып, толық игеруіміз қажет. Сондықтан үш жылдың ішінде толық цифрландыру мен жасанды интеллектіні меңгеріп, дамыған мемлекет боламыз деп мемлекет басшысы нақты мақсат қойды. Оны халық дұрыс қабылдады. Біз соған қарай бет алудамыз.


 IT-стартаптарды қолдайтын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс істеп тұр. Екі мың компанияның басын қосқан Astana Hub инновациялық кластері де бар. IT Hub Шымкентте де жұмысын жандандырып отыр. Мұнда стартаперлер түрлі идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр.


ҚҰРМАНҒАЗЫ МҰРАТОВ, ШЫМКЕНТ HUB АЙМАҚТЫҚ МЕНЕДЖЕРІ
 Стартап орталығы дегеніміз - адамдарға инкубациялық бағдарлама. Адамдар өздерінің идеяларымен келіп, соңына қарай өнім жасап шығарады. Ол өнім IT саласынан болуы мүмкін. Әсіресе Telegram-бот, ұялы қосымша немесе сайттар болуы мүмкін. Әр түрлі қосымшаларды интернетте өз идеясы арқылы іске қосып, ақша табу немесе өзгелерге көмектесу сияқты бағыттар бар.


 Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жариялады.