Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков демалыс күндері қаладағы әлеуметтік нысандарды аралады. Ол ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдап, мекемелердің тыныс тіршілігімен танысты.
Әкім алдымен «№12 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына» барды. Мекеме 18 жастан асқан, психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Орталықтың жағдайымен танысқан қала басшысы мекеменің материалдық-техникалық базасын, медициналық және әлеуметтік сүйемелдеу жұмысының ұйымдастырылуын тексерді. Одан соң шаһар басшысы тірек-қимыл аппараты ауруларын емдеуге маманданған доктор Бубновскийдің сауықтыру орталығында болды. Мұнда қолданылатын жеке диагностикаға негізделген және арнайы емдік жаттығуларды таңдауға бағытталған әдістемемен танысты. Орталық мамандары жыл сайын біліктілігін арттырып, реабилитология саласындағы бейінді конференцияларға қатысып отырады. Қазіргі таңда елімізде осы бағыттағы шамамен 35 орталық жұмыс істейді. Бұдан бөлек әкім Абай ауданы әкімдігінің ғимаратындағы жөндеу барысын көріп шықты. Қазір нысанның қасбеті мен шатыры жаңартылып, электрмонтаж жұмыстары мен ішкі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Әкім жауапты тұлғаларға бақылауды күшейтуді, жұмыс қарқынын жеделдетуді және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.