Президентіміз: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет», - деген болатын. Осы мақсатта Түркістанда қазақстандық имамдардың білімін жетілдіруге бағытталған Ислам институты ашылды. Маңызды шараға өңір басшысы Нұралхан Көшеров, бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов пен ел ағалары қатысып, көпшілікті айтулы оқиғамен құттықтады.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі мемлекет басшысының дәстүрлі дінді ұстану тапсырмасына тоқталды. Дәстүрлі исламды дәріптеу және оның ғылыми-теориялық негізін дамытудың маңыздылығын атап өтті.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Осы мақсатта біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, дін саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыратын Ислам институтын ашып отырмыз. Институт заманауи үлгідегі материалдық-техникалық құралдармен толық жабдықталған.

 Түркі әлемінің рухани орталығы - Түркістанда осындай бастаманың жүзеге асуы заңдылық. Бұл оқу ордасы Ахмет Ясауи ілімін зерттеумен және имамдарға терең білім берумен айналысатын болады. Мұнда Түркістан облысы ғана емес, бүкіл еліміздің дін қызметкерлері де біліктілігін арттырады. Бұл игі іске «Хилуэт» қоғамдық қайырымдылық қоры қолдау көрсеткен.

НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ӨТПЕНОВ, БАС МҮФТИ
Қоғамның күшті болуы үшін құлшылықтың толық болуы, ал құлшылықтың толық болуы үшін ғалымдар өте маңызды. Сондықтан ұстаздар дайындайтын білім ошағы ашылып жатыр. Алла қаласа, иманның күшті болуына бұл институт қызмет етеді.

 Ислам институтының оқу ғимаратының жалпы алаңы 1250 шаршы метрді құрайды. Мұнда 90 орындық оқу ғимараты мен 40 орындық кітапхана бар. Сонымен қатар жалпы аумағы 1250 шаршы метр болатын жатақхана ғимараты салынып, 45 орындық асхана қарастырылған. Айта кетейік, бүгінде облыста 745 мешіт және 1400-ден астам дін қызметкері жұмыс атқаруда.