Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы су қатынастарының барлық бағыты бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін бірлескен жұмыс тобының XIII отырысы өтті. Кездесуге ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.


Су қатынастарына қатысты бірлескен жұмыс тобының XIII отырысымен қатар, Орталық Азияда өзара тиімді әрі орнықты су-энергетикалық ынтымақтастық тетігін әзірлеу жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге бағытталған қазақ-өзбек бірлескен жұмыс тобының II отырысы ұйымдастырылды. Тараптар екіжақты су және су-энергетикалық ынтымақтастық салаларындағы негізгі мәселелерді талқылады. «Достық» мемлекетаралық каналын тазалау және жөндеу жұмыстары қаралды. Өткен жылы Қазақстан тарапы каналдың учаскелерінде, еңістерінде, коллекторларында және бас құрылысжайларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді.


НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ
Былтыр екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен біз трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойдық. Бұл құжат көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды, соның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін әзірлеу мүмкін болды. Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды.


Сонымен қатар нысанның бас және бөгейтін құрылысжайларындағы қақпаларға жөндеу жұмыстары жасалды. Биыл «Достық» каналын механикалық тазалау және бас құрылысжайларын жөндеу жұмыстары жалғасын табады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кеңейтілген отырысқа шығарылып отырған мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта өз шешімін тауып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған ірі аграрлық өңір. Облыстағы суармалы жерлердің жалпы көлемі 575 мың гектарды құрайды, бұл республикадағы барлық суармалы жерлердің төрттен біріне тең. Осыған байланысты суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі өңіріміз үшін айрықша маңызды. Екі ел арасындағы трансшекаралық су ресурстары өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығының өркендеуіне және халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер етеді. «Достық» магистральдық каналы арқылы облыстың оңтүстік аудандары 140 мың гектар алқапта сумен қамтамасыз етіледі.


Тараптар сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу және пайдалану саласында тәжірибе алмасуға келісті. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінде он автоматтандырылған гидробекет орнату жобасын іске асыруды бастау жоспарланып отыр. Әр мемлекет аумағында бес-бестен нысан салынады. Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамының қолдауымен әзірленген бұл жоба трансшекаралық суды бөлудің ашықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта осы жоба бойынша техникалық тапсырманы әзірлеу аяқталды.