«AMANAT» партиясы атынан сайланған мәслихат депутаттары сайлаушыларымен кездесуде. Бұл жолғы жүздесу Ақжар елді мекенінде өтті. Мегаполистің инфрақұрылымы дамыған аймақ тұрғындарына енді қоғамдық көліктің ыңғайлы аялдамасы қажет. Тақырыпты тілші тарқатады.


Өткен жылы Ақжарда ауқымды жұмыстар атқарылған. Елді мекен көшелері толық асфальтталып, күре жол кеңейтіліп, жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ Ақжардағы мектептің қосалқы құрылысы да басталған. Десе де ел ішінде шешімін күткен мәселелер бар.


ҚАЙРАТ ИМАШЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ
Инфрақұрылым, үй құжаттарын заңдастыру мәселелері көтеріліп жатыр. Өздеріңізге белгілі, «AMANAT» партиясының 2023–2027 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Соған енгізілген мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді.


Сайлауалды уәделерін орындап жүрген депутаттарына тұрғындар дән риза. Бұған дейін көтерілген мәселелердің басым бөлігі шешімін тауып келеді.


МҰХТАР АҚБЕРДИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Соңғы үш жылда 10 мәселе көтерсек, соның 9-ы шешілді. Көше атауы, жарықтандыру, балалар ойын алаңы, ересектерге арналған жаттығу алаңы, жаяу жүргінші жолы мәселелері толық шешіліп келеді.


Ақжарлықтарға енді №135 және №147 автобустарының аялдамасын ыңғайлау қажет. Рабат айналма жолы маңынан кері қайтатын қоғамдық көліктен түскен тұрғындар Ташкент бағытындағы даңғыл жолды жаяу кесіп өтуге мәжбүр. Арнайы өткелге автобус жақындаса, баршаға ыңғайлы болар еді, – дейді көпшілік.


ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Бұл мәселені депутаттық сауал ретінде партиялық бақылауға аламыз және оның орындалуына атсалысамыз. Көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайды.


Айта кетейік, жыл басынан бері «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі қаланың бес ауданын аралап, тұрғындардың өтініш-тілектерін саралаған. «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өтініш иелеріне кеңестер берілген. Өткен жылы қала тұрғындарынан 12 мың өтініш түсіп, оның 80 пайызы оң шешімін тапқан.