Түркістан облысында жұмыссыздық деңгейі төмендеді. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделіп, 2025 жыл қорытындысымен 150 мыңға жуық азамат екі қолға бір күрек тапқан.
Азаматтарды еңбекпен қамту 5 бағыт бойынша жүргізілген. 4 074 жұмыс орны ұлттық жобалар мен жеке инвестициялық жобалар шеңберінде құрылса, 22 595 жұмыс орны «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында ашылған. 45 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберіліп, 57 221 адам бос орындар арқылы жұмысқа орналастырылған.
МЕКЕНХАН ҚОЗЫХАНҰЛЫ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
2026 жылға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 74 516 адамды қамту жоспарлануда. Оның ішінде 40 588 адам бос жұмыс орындарына жолданса, 2 472 тұрғын ұлттық жобалар негізінде ашылатын жұмыс орындарына тартылады. 11 476 тұрғын «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы, ал 18 530 адам субсидияланатын жұмыс орындары арқылы еңбекке тартылады деп жоспарланған. 1 450 адамға грант беру межеленген.
Аталған салаға қатысты мәселелер мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жұмыспен қамту және өндіріс орындарын ашу ең негізгі міндеттер екенін ескертті. Жиында жұмыспен қамту жоспарын орындамаған аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалып, тиісті ескертулер берілді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясындағы міндеттерді сапалы орындауды, жұмысқа орналасқан азаматтарға міндетті зейнетақы жарналарының аударылуын қадағалауды тапсырамын. Субсидияланатын жұмыс орындарына, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары мен «Күміс жас» жобасына тартылған тұрғындар нақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма өңірдегі кәсіпорындарды түгел аралап, штаттық кестесін, қанша жұмыс орны қажет екенін анықтап, халықты еңбекке тартыңыздар. Жұмысты үйлестіріңіздер. Тұрғындарды қолдауымыз керек, түсіндіру жұмыстарын жандандырыңыздар.
Айта кетейік, биыл «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» және «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» компанияларына мыңнан астам тұрғынды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр.