Астанада мемлекет басшысының қатысуымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин президентке жұмыс тобы атқарған қызмет туралы баяндап, есеп берді. Жауаптылардың ортақ пікірін жеткізіп, өзгерістер саяси жүйені уақыт талабына сай жаңғыртуға ықпал ететінін алға тартты.



ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев азаматтардан келіп түскен ұсыныстар негізінде әзірленген басты тәсілдер туралы баяндады. Қазан айынан бері өтіп келе жатқан отырыстарда жаңа парламентке қатысты мәселелер түгел қаралған. Депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, бір палаталы Парламенттің заң шығару тетіктері, биліктің өзге институттарымен өзара іс-қимыл мәселелері қамтылған.


ЕРЖАН ЖИЕНБАЕВ, ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ КӨМЕКШІСІ
 «Бір палаталы Парламенттің заң шығару жұмысындағы барлық процедуралары егжей-тегжейлі пысықталды. Жұмыс тобы ауқымды жұмыс атқарды. Қатысушылардың барлығы өз ұсыныстарын енгізді. Бұдан бөлек өзге де белсенді азаматтар ұсыныстарын жеткізді.»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан, қоғамдық бірлестіктерден e-Otinish және eGov платформалары арқылы келіп түскен ұсыныстар туралы ақпарат берді. Айтуынша, бірнеше ай ішінде саяси партиялардың барлығы, ондаған үкіметтік емес ұйым, бизнес-қоғамдастық өкілдері, құқықтанушы ғалымдар мен сарапшылар тақырыпқа қатысты өз пікірлерін жолдаған.


Парламенттік реформадан бөлек, жұмыс тобына азаматтардан мемлекеттік құрылымның жалпы мәселелері мен саяси және қоғамдық институттарды жетілдіруге қатысты 1,6 мыңға жуық ұсыныс келіп түскен. Президент жұмыс тобына ризашылық танытып, реформаны жүзеге асыру үшін конституцияның бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болатынын айтты.



ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қарин, парламенттің құрылымына, құрамына, өкілеттігіне қатысты ұсынылып отырған өзгерістер өте ауқымды екенін тілге тиек етті.

ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Отырысты қорытындылаған Мемлекет басшысы конституциялық реформаны талқылау басталғалы бері жарты жылға жуық уақыт өткенін еске салды. Осы аралықта қоғамда елдің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың мақсаттары мен міндеттеріне қатысты дұрыс түсінік қалыптасқанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы халыққа арнаған жолдауынан кейін өрбіген қоғамдық пікірталастарды мұқият қадағалап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ президент өз сөзінде реформаға қатысты пікірлерін ертең ұлттық құрылтай отырысында кеңінен жеткізетінін айтты.