Бүгін Қызылордада Ұлттық құрылтай секцияларының отырысы басталды. Екі күнге жалғасатын келелі жиынның алғашқы күнінде төрт панельдік секция бойынша отырыстар өтті.
Әлеуметтік-мәдени даму секциясын Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Білім және ғылым секциясын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тізгіндеді. Күннің екінші жартысында азаматтық қоғам және экономикалық даму мәселелері қамтылды. Ал 20 қаңтар күні V Ұлттық құрылтайдың отырысы өтеді. Жиынға Мемлекет басшысы, танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастықтардың, сараптамалық қауымдастықтың және облыстардың қоғамдық кеңес өкілдері қатысады деп жоспарланған. ҚР Президентінің көмекшісі - Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram парақшасында: «Сыр бойындағы жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Қазақстанның келешек даму бағдары мен қоғамдағы өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салады», - деп жазды.