Шымкент – еліміздегі ең ыстық қалалардың бірі. Жаз мезгілінде мұндағы ауа температурасы 40 градустан асып, тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Осыған орай, қала әкімдігі аптап ыстықпен күресудің негізгі әдісі ретінде көгалдандыру жұмыстарына ерекше назар аударып отыр. Биылдың өзінде 400 мың шаршы метр аумақта жасыл желек отырғызылды.


Шымсити шағын ауданында 2500 ағаш пен 7000 түп гүл егілді. Аталған аймақты абаттандыруға ерекше мән беріліп отыр. Автоматты суару жүйесі арқылы 42 мың шаршы метр аумаққа тұрақты су жіберіліп тұр. Ал, Асар шағын ауданында 1200 ағаш пен 5000 гүл егілді. Ұ. Арғынбеков көшесіндегі 47 мың шаршы метр аумақта көгалдандыру жұмыстары толық аяқталды. Бұл жасыл желектер қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындарға жайлы микроклимат қалыптастырады.


НҰРҚОЖА САПАРБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ

Бұл жұмыстар қалаға салқындық пен әсемдік сыйлайды. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарға экологиялық таза және қолайлы орта жасау.


Қаланың экологиялық жағдайын бақылау да басты назарда. Экология департаментінің дерегінше, жыл басынан бері 14 тексеру жүргізіліп, экологиялық талаптарды бұзғандарға 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бадам, Қошқар-Ата, Қаратау және Сайрамсу өзендерінен алынған сынамалар жоғары ластану фактілерін көрсеткен жоқ.


 ЕРМАХАН ҚОЗЫБАЕВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

Экологиялық ахуал тұрақты бақылауда. Біздің мақсатымыз табиғатты сақтау және тұрғындардың денсаулығын қорғау.


 Қаланың көркін ашып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында жаңа гүлзарлар мен саябақтар ашылуда. Осы жылдың соңына дейін 15 саябақ пен 50 гүлзар ашу жоспарланған.


НҰРҚОЖА САПАРБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ

Бұл саябақтар мен гүлзарлар тұрғындар үшін тек демалыс орны ғана емес, салқын әрі экологиялық таза орта болып табылады.


Осылайша, Шымкент жасыл желек арқылы аптап ыстыққа қарсы тұруда. Тұрғындары үшін жайлы әрі экологиялық таза қалаға айналуға тағы бір қадам жақындай түсті.