Астана халықаралық форумы әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отыр. Жиында сөз сөйлеген Президент мұны жолайрық, халықаралық қатынастардағы сын сағаты деп сипаттады. Мемлекет басшысы дүние жүзін қақтығыстар мен соғыс өрті жайлап жатқанын айтты. Былтырғы мәліметке сәйкес, 52 мемлекет қарулы қақтығыс жағдайында тұрған. Ал осындай қатыгез әрекеттерден келген экономикалық шығын 19 триллион долларға жетті. Осылай деген Президент әлем елдерін бейбітшілікке үндеп, саналы әрі өркениетті қоғам құруға шақырды. Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысын жетілдіру керек деп санайды.Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды деп атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси реформаларға да тоқталып өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Президент өкілеттілігі бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектелді. Мұндай шешім бұрын-соңды қабылданбаған. Менің ойымша, бұл қадам еліміздің саяси жүйесін нығайтуға, экономикасын дамытуға және өркениетті қоғам құруға негіз болады. Президент – халықтың белгілі бір мерзімге, біздің жағдайымызда 7 жылға жалдаған менеджері.