Шымкентте Халықаралық балаларды қорғау күні ерекше форматта аталып өтті. Арнаулы әлеуметтік қызмет алатын 200-ге жуық бала зообаққа экскурсия жасап, шат-шадыман күй кешті. Игі шараны №7 үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ұйымдастырған. Тілші бейнематериалында.


Бүгін – ерекше күн. Шымкент қаласындағы №7 үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен 200-ге жуық бала мерекені ерекше тойлады. Олар үшін арнайы ұйымдастырылған экскурсияда балалар зоосаябақты тамашалап, жан-жануарлар әлемімен жақын танысты.


 НҰРЖАН ТӨЛЕГЕНОВ, №7 ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Балалар үшін бұл тек серуен емес. Бұл – қоғамның оларға деген қамқорлығы мен махаббатының көрінісі. Осындай шаралар балалардың өмірге деген құлшынысын арттырады


Бұл балалар ерекше күтімді, ерекше мейірімді қажет етеді. Бүгін олардың әрқайсысы өзін нағыз мереке иесіндей сезінді. Шымкенттегі зообақта өткен серуен көптен күткен қуаныш сәті.


РАЯНА КАРИМБЕТОВА, ТӘРБИЕЛЕНУШІ

Мен 4-сынып оқимын, енді 5-сыныпқа өтемін. Бүгін мен жануарларды көрдім. Маған ұнады.


 АЗАТ ТҰРМАМБЕТОВ, АТА-АНА

Ерекше қызым бар. Бүгін соны достарымен алып келіп отырмын рахмет мынау ұжымға, балаларды қуантып жатыр.


 Бүлдіршіндердің жүзіндегі күлкі – қоғамның қамқорлығының айғағы. Мерекелік іс-шараға қала кәсіпкерлері де қолдау білдіріп, балаларға естелік сыйлықтар тарту етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар дәстүрге айналған.