Түркістан қаласындағы «Жасыл белдеуге» отырғызылған орман ағаштарының саны артып келеді. Белдеу 2019 жылы шаһарды шаң-тозаңнан қорғау мақстында құрылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Бірлік алқабында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, «Жасыл аймақ» мекемесіндегі орман тұқымбағы мен жылыжайларды аралап көрді.
«Жасыл белдеу» аймағында 29 544 гектар жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылған. 2019-2024 жылдар аралығында жалпы 18 071 гектар жерге әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылған. Оның 8337-і гектары жапырақты ағаш көшеттер болса, 9734-і сексеуіл екпелері. Орман екпелерін суару мақсатында 237 ұңғыма қазылып, «Арыс-Түркістан» каналы, «Қосқорған» су қоймасы мен Қарашық өзенінен су тарту жүйелері орнатылды. Қазіргі таңда мекеменің аумағында 90% электр желісі тартылған. Ол жерлерді 24 сағат суару мүмкіндігі бар. Ал қалған 10% бензинді және дизельді мотопомпалармен суарылады. Мекемеде 100 гектар жер аумағында ағаш-бұта көшеттерін өсіруге тұрақты және 20 гектар уақытша орман тұқымбағы ұйымдастырылған.