Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. «Бірлік бастауы – берекелі Түркістан» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға облыс басшылығы, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым мен жастар ұйымы өкілдері қатысты. Жиында татулық пе бірліктің кілтіне айналған Ассамблеяның атқарған жұмыстары талқыланды.


Жыл басынан бері Ассамблея аясында облыста 600-ден астам іс-шара, 49 қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған. Барлығы 168 ақпараттық-насихаттық кездесуге 9 мыңға жуық тұрғын қатысқан. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз кезегінде соңғы жылдары медиация саласы айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтіп, Президент тапсырмасы аясында Сайрам және Сарыағаш аудандарында «Достық үйін» ашу қажеттігін айтты.


 НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Соңғы жылдары Түркістан облысында медиация саласы айтарлықтай көрсеткіштерге жеткенін айта кеткен жөн. Былтыр Ассамблея сессиясында Президентіміз облысымыздағы этномедиацияға қатысты жұмыстарға оң баға берді. Биыл Ассамблеяның 30 жылдығы аясында өңірімізде 2 мыңнан аса ұлттық, мәдени, спорттық іс-шаралар өткізілуде. «Ассамблея жастары» да азаматтық жауапкершілікті дамытуға арналған бірқатар бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда. Облысымыздағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған аудандардан «Достық үйін» ашу керек деп санаймын.


Сессия барысында этномәдени бірлестік өкілдері мен қоғам белсенділері ойларын ортаға салды. Түркістан түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Сарманбай Сафаров қатысушыларды 30 жылдық мерекемен құттықтап ізгі тілегін білдірді.


 САРМАНБАЙ САФАРОВ, ТҮРІК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Қатысушылар 30 жылдық мерекеміз құтты бола берсін. Осы мерекеден мерекеге жете берейік. Президентіміз осы жерге келген кезде жақсы сөздер айтып кетті. Осы шаңырақ біздің шаңырақ, Достық шаңырағы болады. Сол үшін мен айтамын осы шаңырақта әр уақытта бірлік болсын. Әр уақытта осындай кездесулер бола берсін.


Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этносаралық татулық пен тұрақтылықты сақтау жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Басқосуда «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» жобаларының тиімді жүзеге асып жатқаны да айтылды. Жалпы Ассамблея бейбітшілік пен бірліктің алаңы, сессия осы құндылықтарды насихаттап елдің ынтымағын одан әрі нығайтуды көздеді.