Шымкентте жазықсыз жапа шеккен жандарға арналған тарихи-танымдық жиын өтті. Архивтік құжаттар негізінде әзірленген «Жазықсыз жазаланғандар» өмірбаяндық анықтамалығынының тұсауы кесіліп, саяси қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарына тағзым жасалды. Толығырақ келесі бейнематериалда.
Бұл – ұлт тарихындағы қасіретті кезеңнің беймәлім беттерімен қауышу. Архив деректері негізінде жарық көрген анықтамалықта жазықсыз сотталған, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар туралы тың мәліметтер қамтылған.
ГҮЛНАР ШАРДАРБЕКОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ӨҢІРЛІК ҚОҒАМДЫҚ САЯСИ ТАРИХИ АРХИВІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Біздің үлкен жобаларымыз бар. Негізгі мақсатымыз сол өткенді ұмытпай, жастарға насихаттау болып отыр.
Бұл кітап бір ғана ұрпақтың емес, бүкіл халықтың жан айқайы. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың есімі мен ерлігін ұмытпау – ұлт алдындағы борыш, – дейді аға буын. Айтуларынша зұлмат жылдарда құрбан болған әр азаматтың артында тағдыр жатыр. Осы анықтамалық сол тағдырларға тағзым іспеттес.
ЖЕҢІСБЕК МӘУЛЕНҚҰЛОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Ұлт тарихын ұмытпау – ұрпаққа аманат. Қуғын-сүргін құрбандарының есімін жаңғырту жолындағы осындай еңбектер ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз
Іс-шараға тарихшы-ғалымдар, ардагерлер, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары қатысты. Олардың бірі үшін бұл күн – ата-бабасының есімі қайта жаңғырған ерекше сәтке айналды. Ал тұсауы кесілген «Жазықсыз жазаланғандар» жинағы – тарихтан тағылым алуға, өткенге құрметпен қарауға үндейтін маңызды еңбек болмақ.