Интернет-алаяқтықтардың құрбаны көбіне 35 пен 70 жас арасындағы тұрғындар. Ал оларды топтарға бөлетін болсақ, зейнеткерлер мен декреттегі аналар, сондай-ақ, мұғалімдер мен дәрігерлер және жұмыссыздар екен. Осы орайда, білікті мамандар «Кибер тұмар» эстафетасына қала тұрғындарын жинап күмәнді схемалар мен алаяқтардан қорғану тәсілдерін таныстырды.


Жиында алаяқтыққа қатысты бірқатар деректерді алға тартқан қалалық Полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі күмәнді схемаларды таныстырды. Қулықтарына құрық бойламай тұрған интернет-алаяқтары жасанды интеллектіні де өз пайдаларына асырып, қаншама адамды сан соқтыруда.


Шаһарымыздағы жетекші ІТ мамандарының бірі, Amanbay Tech компаниясының негізін қалаушы Ерсаин Аманбай соңғы 12 жылында Германияда жұмыс істепті. Еуропадағы тәжірибесін жинақтай келген ол жастарға интернетте дұрыс бағытта із қалдыру, желідегі қауіптер жайлы айтып берді.


Сондай –ақ «Кибер тұмар» эстафетасында жасөспірімдер арасындағы нашақорлық пен буллингтің алдын алу тақырыптары да қозғалды. Шынайы мысалдармен кеңінен талданып, түсіндірілді.