Мемлекет басшысының мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында Түркістанда семинар өтті. «Жергілікті өзін-өзін басқару институттарының рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» тақырыбындағы жиынға облыстық, аудан, қалалық мәслихат депуттаттар мен ауыл әкімдері, аудан, қалалық мәслихат аппарат басшылары, сондай-ақ, облыстық ішкі саясат және жастар орталықтарының басшылары қатысты.
Семинарда өте маңызды тақырыптар талқыланып, депутаттар тәжірибе алмасып, түрлі пікірлер мен ұсыныстар тыңдалды. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, азаматтық қоғамның да ортақ ісі екені айтылды.
Ширек ғасыр бұрын жергілікті өкілетті органның жасақталуы мемлекеттік құрылымдағы өзгерістердің бастамасы болатын. Бүгінгі таңда әр деңгейдегі мәслихаттар халық пен билік арасын жалғап, өңірдің дамуына бағытталған істерді келісе атқаруға арналған ашық алаңға айналды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 338 мәслихат депутаты бар. Оларға қойылатын басты талап – халықпен жұмыс істеуде атүстілік пен салғырттықтан арылу.
Мәслихат депутаты – бұл өз аймағының көзі, құлағы һәм тілі. Өңірді дамыту жоспарына келісім беру, әлеуметтік бағдарламаларды, жергілікті бюджетті бекіту де депутаттардың құзырына кіреді.