Шымкент – дәуірлер куәсі. Дәл осындай атаумен қала күніне орай шығармашылық туындылар мен фото көрме өтті. Экспозицияда 55 авторлық жұмыс пен шаһардың әртүрлі тарихи кезеңдердегі келбетін бейнелейтін 150 архивтік сурет ұсынылған. Оларды біздің арнаның түсіру тобы да көріп қайтты, сюжеттен тамашалайық.


Суреттер бөлімі XIX–XX ғасырлар тоғысындағы Шымкент, кеңестік дәуірдегі қала, қазіргі мегаполис болып үш кезеңге бөлінген. Әртүрлі кітаптар мен архив көздерінен алынған құнды дүниелерде шаһардың көне фотабасылымдары бар.


Ал, фотокөрменің көркемдік бөлімінде негізінен қалалық пейзаж жанрындағы жұмыстар ұсынылған. Олар кескіндеме, графика, мата, коллаж, фотосурет техникасында орындалған. Бұл туындылар мегаполистің атмосферасын, заман рухын және түскей өңірінің ерекше энергиясын жеткізеді.


 Фото көрме арқылы 1870 жылдардан бастап бүгінге дейін Шым шаһардың қалай дамығанын көрсетуге тырысқан ұйымдастырушылар көкейдегі сан сауалға сурет арқылы жауап берген. Көрмеге 40-қа жуық кәсіби суретшілермен қатар Ә. Қастеев атындағы Шымкент өнер және дизайн колледжінің студенттері қатысып туған қаласына деген сүйіспеншіліктерін өз шығармалары арқылы жеткізді.