Пушкин кітапханасы «Цифрлық мамандықтар қаласы» атты эстафеталық іс-шараның жалауын көтерді. Бастама заманауи технологияларды әмбеге ұсынып, саладағы соңғы жаңалықтарды таныстыруды көздейді. Соның аясында «Кибер тұмар» көрмесі ұйымдастырылып, оған шаһардағы бес бірдей мекеме ұжымы белсене атсалысты.


 Көрмеге өз өнімдерін ұсынған ұжымның бірі – Robopark.kz орталығы. 2017 жылдан бері жұмыс істейтін мекемеде қазір 500-ге жуық оқушы конструкция саласын меңгереді. Сабақтан тыс уақытта өтетін үйірмеде мектеп жасындағы шәкірттер робот құрастырып, цифрлық жүйелердің қыр-сырына бойлайды. 2022 жылы орталық қатысушылары Германияның Дортмунд қаласында өткен әлем чемпионатында топ жарып, екінші орын иеленген. Неміс жұртын таңғалдырып, жаһанды мойындатқан жоба.


 УАХИТ АБДРАХИМОВ, ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОР

 – «Түнгі ауысымда адамдар, санитарлар ұйықтап қалады. Пациенттерге дұрыс көңіл бөле алмайды. Оның орынына біздің шәкірттер робот ойлап тапқан. Робот адамдарға көмектесіп жүреді. Егер де пациент батырманы басса су алып келіп береді. Киімін жууға алып барып, төсегін ауыстырып, дәрі-дәрмегін алып барып береді. Қан қысымын өлшеп береді. Осындай технология ойлап тапқан.»


Алиасқар Жылкелді 5 сыныпта оқиды. Екі айдан бері робототехника үйірмесіне барып, қалмай қатысып келеді. Осы аралықта цифрлық жүйе әліппесін игеріп, темір техниканың тілін тапқан. Сөзінше, бұл машық ойлау қабілетін жүйелеп, креативті идеялау дағдысын қалыптастырған.


 АЛИАСҚАР ЖЫЛКЕЛДІ, ОҚУШЫ

– «Жүретін динозавтрларды құрастырғанмын. Олар балаларға арналған жиынтық болған, ал қазір үлкендерге арналған жиынтықты қолданып жүрмін.»  «Робототехника өте қызық! Маған көп мүмкіндік берді.» 


Пушкин кітапханасы да цифрлық жүйеге бет бұрып, әдіс-тәсілдерін меңгерген. Мәселен ұжым күнделікті жұмыс барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, уақыт тапшылығын тойтарған.


 СҮНДЕТ СЕЙІТОВ, КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ

– «Бір ғана іс-шараға екі апта дайындалатын болсақ қазір ЖИ көмегімен 1 сағат көлемінде дайындығымызды пысықтай аламыз.»  «Мега распис деген бар кітапхана салысында. Бұл әр келген кітаптарды базаға енгізу. Бұған дейін оған күніне 10-15 кітап қана енгізетін болсақ, қазір 50-60 кітапқа дейін енгізіп жүрміз.» - Бұл біздің жұмысымызды 2-3 есе тиімді етіп жатыр.» 


Кітапханадан басталған эстафета әрі қарай да жалғасын таппақ. Мәдени ошақ ұжымы игі шараны шаһардағы басқа да мекемелерге жолдайтынын айтады.