«Оңтүстіктің сырлы саздары». Шымкент саз колледжінде осындай атаумен жаңа туынды жарыққа шықты. Оқытушы құрамның бастамасымен қолға алынған еңбекте осы аймақтан шыққан ақын-жыршы, термешілердің шығармалары жинақталған. Ақсақалдардың мақамдарымен жанды дауыстағы өнерлері топтастырылған.
Шымкент саз колледжі 500-дей студентті өнерге баулып отырған қара шаңырақ. Материалдық-техникалық базасы толыққан. Қажетті оқулықтар да жеткілікті. Ал жаңа жинақтың жарыққа шығуы ілкі буынға көне ән-жырды сіңіруде таптырмас құрал болмақ.
ЕРБОЛ ҚАЛМҰРЗАЕВ, ҰСТАЗ
Осы туынды мынау студенттер үшін қолайлы болып отыр. Өз өңірінен шыққан өнер иелерінің еңбектерін көріп, соларды танып-білім, солардың мақамына мән беріп, терең меңгеруге мүмкіндік береді.
Ұстаздар жинақтаған еңбекте Оңтүстік өңірден шыққан 50-60-қа тарта өнер иелерінің шығармалары топтастырылған. 200 тиражбен жарық көрген кітап осы білім ордасының тәлімгерлері мен студенттеріне арналған.
ЖАҚЫП СПАТАЕВ, ҰСТАЗ
Бұл жерде қазіргі заманауи түрде. QR код бар. Сол арқылы шығарманы ақсақалдардың орындауында тыңдау мүмкіндігі бар. Яғни сол арқылы ол туындыға жақындай түсуге болады.
Кітаптың тұсаукесеріне осы колледжден түлеп ұшқан өнер иелері арнайы шақыртылды. Аға толқын жаңа туындыға оң бағасын беріп жатса, өз кезегінде шәкірттер де қарап қалған жоқ. Әннен шашу шашып, ұлттық өнердің озық үлгісін көрсетті.