Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындармен кездесті. 6 сектор бойынша өткен жиын Яссы аумағынан басталды. Алдымен атқарылған жұмыстарды баяндаған әкім өткен жылы көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталды.


 Жергілікті тұрғындар кәріз желілері мен жол сапасы, қоғамдық көлік қатынасын көтерді. Сондай-ақ жиында жарықтандыру, интернет қолжетімділігі секілді өзекті мәселелерді де қозғап, нақты ұсыныстарын жеткізді.


Яссы секторында тұрғындар тарапынан бас – аяғы 20 мәселе көтеріліп, олардың 7-еуі нақты шешімін тапты. Қалған 13 мәселе қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірілді. Осы орайда, қала әкімі шаһардың даму динамикасына тоқталып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық жобалармен таныстырды. Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындардың белсенділігі мен ұсыныс-пікірлерінің маңыздылығын атап өтіп, барлық сұрақтарға заң аясында нақты жауап берді. Кейбір мәселені орнында шешіп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.


Кездесу соңында Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады. Айта кетейік, қала әкімінің халықпен кездесуі 28 мамыр күні сағат 10:00де - 1-ші мөлтек ауданында орналасқан №4 мектепте, 15:00де - Сандыбаев көшесіндегі №18 мектепте, 29 мамыр күні яғни ертең, сағат 10:00де- Мәдени рухани орталықта орналасқан «Ұлы-дала орталығы» кешенінде болады. Ал түстен кейін ӘІО-ғы 9-шы көше бойында орналасқан №33 мектепте өтеді.