Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Шымкент қаласындағы Металлург стадионында мемлекеттік қызметкерлер арасында дәстүрлі спартакиада басталды. Жарысқа қаланың жергілікті атқарушы органдарының қызметкерлерінен құралған 12 команда қатысып жатыр. Олар спорттың 9 түрі бойынша өзара мықтыны анықтайды.


 Бүгінгі алғашқы сайыс футбол мен тоғызқұмалақ ойындарынан басталды. Алдағы үш күн бойына қатысушылар кіші футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, арқан тарту және қазақ күресі сияқты спорт түрлерінен бақ сынайды. Жарыс «Металлург» стадионынан бөлек, Қажымұқан атындағы стадион мен «Денсаулық» спорт кешендерінде өтеді. Доданы спорт басқармасына қарасты төрешілер қадағалайды. Әрбір қатысушының жарысқа қатысу құқығы қатаң тексеріледі. Шебер спортшылардың әділ бәсекесі үшін басқа сала қызметкерлерінің қатысуына жол берілмейді.


СЕРІК ӘУЕСХАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтармен қатар, 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы табысталады. Бұл жарыс мемлекеттік қызметшілердің еңбекке деген ынтасын арттыруға да септігін тигізеді.


Алғашқы іріктеу ойындары аяқталған соң, спорт түрлері бойынша үздік ойыншылар ақтық сайыстарға қатысып, жеңімпаздар анықталады. Спартакиаданың финалдық ойындарына қатысуға ниетті көрермендер жарыстың кестесі туралы қалалық спорт басқармасының сайтынан немесе әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан біле алады.