Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыс жанданды. Балықшылар өңірді ғана емес, экспорттың әлеуетін арттыруды да жоспарлап отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиналыста осы мәселе талқыланды.


2030 жылға дейін Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға арттыру көзделген. Ал биыл жоспар 7467 тонна. Қазіргі таңда балық өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 245-ке жетіп, оның 164-і облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясымен заңдастырылған.


БОЛЫСБЕК ШӘРІПБЕКОВ, ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Елімізде жасанды балық өсіруден Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында 2025-2027 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту жоспары бекітіліп, 905 тонна балық өндірілді. Бекітілген жоспарға сәйкес, биыл облыс аумағынан 16 балық өсіру шаруашылықтарын ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар облыста экспортқа бағытталған 4 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл басынан бері 1069,5 тонна балық өнімдері шет мемлекеттерге экспортталды. Бүгінде балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Атап айтсақ, облыстық бюджеттен акваөсіруді субсидиялау үшін 2025 жылға 500,0 млн теңге бөлініп, 4 мың 586 тонна балық азығы, 500 мың балық шабағы, 4 дана биологиялық ғылыми негіздемелер субсидияланды.


 Одан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге және қайтарым қаражатынан 1,3 млрд. жоспарланған. Аталған бағдарламаның IV бағытына сәйкес, балық шаруашылығын дамыту көзделіп, 2025 жылға 71 жобаға 698 млн теңге қарастырылуда.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бойынша бекітілген межені орындау бағытында балық өсіру көлемін арттыруды тапсырамын. Бұл бағытта жұмысты ширатыңыздар. Балық өнімі көлемін арттыруға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Балық шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, қолайлы мүмкіндік ұсыныңыздар. Балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген 104 су айдынын және балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарды қайтадан талдап, зерделеңіздер. Жауапты басқарма аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істеп, шаруашылықта өндірілген өнім көлемінің артуы қадағалануы тиіс.


 Облыс әкімі балық шаруашылығын дамытып, өнімділік пен эскпорттық әлеуетті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ жуапты басқармаға тың ұсыныстар мен жобаларды әзірлеуді тапсырды.