Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов «Кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыру мәселелері бойынша» заң жобасын таныстырды. Бұл құжат қаржылық қылмыстарға қарсы күресті күшейтуді көздейді.
Айгерім Дәулетбекқызы, тілші
Заң жобасы Қаржылық мониторингті дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында әзірленген. Онда қаржылық мониторинг агенттігінің өкілеттігін кеңейту және жаңа субъектілерді тарту сияқты бірқатар маңызды өзгерістер ұсынылған. Енді агенттік коммерциялық емес ұйымдар тарапынан жасалуы мүмкін күдікті операцияларды анықтауға, талдауға жауапты болады. Бұл қаржылық қылмыстардың алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігін арттырады. Сонымен қатар, ұялы байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері ретінде енгізіледі. Ұялы байланыс операторлары мобильді шоттар бойынша операциялар туралы ақпарат береді. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» нотариустар арқылы жасалатын, құны 50 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік мәмілелері жөнінде мәлімет ұсынады. Заң жобасы қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беру және елдегі қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін маңызды қадам болмақ.