Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Woosong білім беру қорының құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Сонг Кён Ким мен кездесті. Жүздесуде Түркістанда ашылатын халықаралық университетті уақтылы тапсыру, жұмысын бастау, құжаттарын реттеу, оқу процесін жүйелеу бағытындағы мәселелер талқыланды.
Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Республикасының Woosong қоры арасында былтыр әкімшілік ғимаратын салу инвестициялық жобасын іске асыру жөнінде келісім жасалған болатын. Құрылысы аяқталуға жақын, жұмыстың 95%-ы орындалған.Таяуда қолданысқа берілмек.
СОНГ КЁН КИМ, WOOSONG БІЛІМ БЕРУ ҚОРЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ТӨРАҒАСЫ
Филиалдың оқу бағдарламаларын анықтау, ҚР мемлекеттік білім стандарты талаптарына сәйкестендіру, реестрге енгізу жұмыстары жүйеленуде. ІТ университеті 4 факультеттен тұрады және 2340 студентке дейін қабылдай алады деп күтіліп отыр. Студенттер «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Төртінші дүниежүзілік ІТ өнеркәсіптік революция, «Мультимедиа және веб дизайн» факультеттеріне қабылданады.
Бұл бастаманы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асыруда. Облыс әкімі оқу ордасы аймақ үшін маңызды екеніне тоқталды. Әкімдік тарапынан міндеттемелер жоспарға сай орындалып жатқанын жеткізді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгінгі таңда, университеттің құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталды. Облыста университеттің ашылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы «Өңірлік іске асыру алгоритмі» бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі тарапынан осы оқу ордасына 100 білім грантын бөлу жоспарлануда. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.
Кездесуде Сонг Кён Ким Түркістан өңіріндегі халықаралық университет аймақтың әлеуетін көтеруге серпін беретініне сенім білдірді. Шәкірттерге білікті ұстаздар, профессорлар білім беретінін мәлімдеді. Ал, Түркістан облысы әкімдігі тарапынан гранттар бөлу мәселесі бойынша қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Студенттер үшін жергілікті жеке кәсіпкер есебінен 600 орындық жатақхана құрылысы жүргізіліп, аяқталуға жақын.