Түркістан өңірінде биыл 33 мың оқушы мектеп бітіреді. Түлектерге аттестат тапсыру сәті құқық қорғау органдарының жіті қадағалауымен өткізіледі. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.
Жиынға білім басқармасы, полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары, 17 аудан мен қала әкімдерінің орынбасарлары онлайн-офлайн форматта қатысты. 2024-2025 оқу жылында 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алса, оның 33 мыңнан астамы 11-сыныпты бітірді. Соңғы қоңырау кезінде тәртіп сақтау, түрлі құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырылмақ. Аттестат тапсыру рәсімдерін мұқият қадағалау күшейтіледі. Салтанатты шаралар тек мектептерде өткізіледі. Кеш өткізу бойынша зерделеу жүргізіліп жатыр. Мәжілісте күн тәртібіндегі мәселеге қатысты баяндамалар тыңдалды. Облыстық полиция департаменті құқықтық тәртіпті сақтау, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мәліметтермен бөлісті. Таулы аймақтарға серуенге шығу барысында және суға шомылу кезіндегі келеңсіз жағдайларды болдырмау, үгіт-насихат жүргізу жайы да сөз болды.