Шымкент қаласында өткен аптада тергеу органдары 101 қылмыстық істі тіркеді, олардың үшеуі сотқа жолданды. Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар – алаяқтық, ұрлық, есірткі айналымы, тонау және жол-көлік оқиғалары. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек брифинг барысында мәлімдеді.
Ресми өкілдің айтуынша, алаяқтықтың басым бөлігі интернет арқылы жасалған. Мәселен, әлеуметтік желілердегі жалған тауар жарнамасына байланысты – 13, инвестициялық ұсыныстар негізінде – 1, банктер мен мемлекеттік мекемелердің атынан жасалған жалған қоңыраулармен – 9, ал несие рәсімдеу жағдайында – 3 қылмыс тіркелген.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Мысалы, өткен аптада «М» есімді азаматшаға белгісіз адам қоңырау шалып, өзін ҰҚК қызметкері деп таныстырған. Ақшаны “қауіпсіз шотқа аударуын” сұрап, 2,5 миллион теңге ұрланған.
Интернеттегі алаяқтықпен қатар, есірткіге қатысты қылмыстар да жастар арасында кең етек жайып отыр. Өткен аптада ұсталғандардың ішінде 18-30 жас аралығындағы 7 адам және 30-60 жас аралығындағы 4 адам бар. Барлығы – жұмыссыз азаматтар.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ
Қарап тұрсаңыздар, есейген адамдардан гөрі, жастар өте көп тартылып жатыр. Бұлардың барлығы жұмыссыз. Сондықтан жастар уақытылы, дер кезінде білім алып, жұмысқа орналасып, адал табыс табу керек.
Бұған қоса, қалада жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Оған себеп – жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы, ұялы телефонға алаңдауы, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден өтуі, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокатты жол ережесін сақтамай басқаруы, сондай-ақ мас күйде көлік жүргізу. Өткен аптада тіркелген 9 жол апатының 6-уы – жүргізушілердің, 2-уі – жаяу жүргіншілердің, ал 1-уі – кәмелетке толмағандардың кінәсінен болған.