Шымкент қаласының әкімі білім беру мекемелеріндегі және қала аумағындағы бірқатар инфрақұрылым нысандарында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын көрді. Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта мектеп пен №99 мектеп-гимназиясындағы жөндеу жұмыстарының барысын қадағалады.


Қазіргі таңда №10 білім ошағындағы жаңарту толығымен аяқталған. Ал №99 мектеп-гимназиясында әрлеу мен техникалық монтаж жұмыстарының соңғы кезеңі жүргізілуде. Қала басшысы аталған оқу орындарының жаңа оқу жылына дейін оқушыларды заманауи әрі қолайлы ортада қабылдауы қажеттігін атап өтті. Мердігер компанияларға құрылыс сапасын мұқият қадағалау, белгіленген уақыт ішінде аяқтау және абаттандыру аумағына автоматтандырылған суару жүйесін орнату жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бұдан бөлек, әкім Әл-Фараби және Тұран аудандарындағы рұқсатсыз салынған нысандарды бұзу жұмыстарын қадағалады. Асқаров көшесі мен Абай саябағы маңындағы заңсыз құрылыстар талапқа сай сүріліп жатқанына көз жеткізілді. Сондай-ақ, Жандосов көшесін Шаймерденовтен Қонаев даңғылына дейінгі аралықта жүргізіліп жатқан көркейту жұмыстары да назарға алынды. Анықталған кемшіліктер бойынша жауапты ұйымға оларды жою және жобаны сапалы әрі уақытында аяқтау міндеті жүктелді. Шаһардың әлеуметтік және инфрақұрылымдық өркендеуі алдағы уақытта да қала әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.