Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласындағы әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған жұмыстардың жай-күйімен танысты. Сапар аясында өңір басшысы Тараз тұрғын ауданында «Келешек мектептері» жобасы бойынша салынып жатқан жаңа білім беру нысанының құрылыс барысын көрді.
600 оқушыға арналған мектеп заманауи талаптарға сай салынуда. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба аясында білім ордасында екі спорт залы, акт залы, асхана, коворкинг аймақтары, кітапхана, мәжіліс бөлмелері, пән кабинеттері мен шеберханалар қарастырылған. Қазіргі стандарттарға сай ашық футбол алаңы да салынып жатыр. Құрылыс алаңында мердігерлермен кездескен облыс әкімі жұмыс сапасына баса назар аударып, нысанды жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, жауапты тұлғаларға оқу орнын кәсіби мамандармен қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Жалпы, аймақта «Келешек мектептері» жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 13 мектеп пайдалануға берілді, қалған 16 білім ошағын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.