Арыс қаласына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров іссапармен барды. Сапар аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне арналған жиын өтті. Онда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу деңгейі мен алдағы жоспарлар қарастырылып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. Кеңес барысында салалық басқарма басшылары өз баяндамаларын ұсынып, пікірлерін ортаға салды. Қалада өнеркәсіп, агросектор және туризм бағыттарын ілгерілетуге қатысты нақты мақсаттар белгіленді.


 Нұралхан Көшеров мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асырып, шетелдік және отандық инвестицияларды тарту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру жұмыстарын бірізділікпен жалғастыру керектігін ескертті. Бұдан бөлек, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған нақты жобаларды орындау үшін жергілікті билікке міндеттер жүктелді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

«Жалғыз әкімдік барлық істі атқара алмайды. Бұл жерде отырған азаматтардың әрқайсысы белсенділік танытып, ізденісте болуы керек. Біз бұл аймақта бірлесе жұмыс істеп келеміз. Сондықтан үнемі даму мен кәсіби өсуге ұмтылып, білім мен біліктілігімізді арттыруымыз қажет.»


 2025 жылға дейін Арыс қаласында жалпы көлемі 48,9 миллиард теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Соның ішінде, биыл 21-і іске қосылып, 20,4 миллиард теңгенің жұмыстары халықтың пайдасына берілді. Жыл соңына дейін тағы 12 бастаманы орындау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, келесі жылға жоспарланған 9 жобаның жалпы құны 14,5 миллиард теңгені құрайды.


ҚАЙСАР МАҢҚАРАЕВ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

«Қаланың орналасуы — экономикалық, сауда және өндірістік бағыттарды өркендетуге өте ыңғайлы. Инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақытында жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған. Экономиканы кеңейтіп, жергілікті бастамаларды қолдау – басты нысанамыз. Қалалық инфрақұрылымды жетілдіріп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін күш біріктіреміз.»


Экономиканы әртараптандыру мен жергілікті жобаларды қолдау – өңірдің негізгі даму басымдығы. Ішкі ресурстарды тиімді пайдалану үшін жаңа тетіктер қажет. Агросала, көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ қызмет көрсету бағыттарынан түсетін кірісті ұлғайту қажеттігі айтылды.