Елімізде кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2-легі бойынша қайтарымсыз грантқа өтінім қабылдау басталды. 11 тамыздан бастап Business.enbek.kz порталы арқылы өз стартап-жобасын ұсынып, 1 миллион 572 мың 800 теңге көлемінде қаржылай қолдау алуға мүмкіндік бар.
Бұл грант бір реттік және кәсіпкерлік мақсаттарға ғана жұмсалуы тиіс. Өтінім тапсыру үшін порталда тіркеліп, бизнес-жоспарды толтырып, электронды цифрлық қолтаңбамен растау қажет. Компьютер немесе интернетке қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін аудандық жұмыспен қамту орталықтарында арнайы жабдықталған орындар қарастырылған.
Бағдарламаға жұмыссыздар, тіркелгеніне үш жыл толмаған кәсіпкерлер, сондай-ақ әлеуметтік осал топ өкілдері қатыса алады. Бірақ негізгі шарт – соңғы үш жылдың ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқу курсын аяқтаған болуы керек. Комиссия әр жобаны нарықтағы өзектілігі мен жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетіне қарай сараптайды. Барлық шешімдер электронды түрде жарияланады, ал бөлінген қаржының мақсатты игерілуі әр тоқсан сайын бақылауға алынады.