Қазіргі жастарға патриотизм, еңбексүйгіштік, білімге құштарлық сияқты құндылықтарды қалай дарытамыз? Оларды елін, жерін сүйетін, халқы үшін қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеудің жолы қандай? Осы сұрақтарға жауап іздеген ақсақалдар мен қоғам өкілдері Шымкентте бас қосты.


Қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Жалпыұлттық құндылықтар қоғамды біріктіреді» атты дөңгелек үстелде ілкі буын тәрбиесі сөз болды. Жас ұрпақты патриотизмге баулу, ұлттық болмысын сақтау және әлеуметтік желідегі зиянды ақпараттан қорғау мәселелері талқыланды.


 ДОСЫБАЙ ШЕРІМҚҰЛОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

Қазіргі жастарға, келешек буынға қандай құндылықтарды ары қарай дамытамыз? Қандай жұмыстар атқаруымыз керек? Жастарға қандай тәрбие беруіміз қажет? Тәрбиенің негізгі бағыты қандай болу керек? Қандай ұстанымдар болуы тиіс? Біршама сұрақтарға бүгін жауап береміз, талқылаймыз. Шын мәнінде, бұл күрделі әрі қажетті мәселе.


Жиынға қатысушылар жастар тәрбиесінде ақсақалдардың ақыл-кеңесі, білім беру мекемелерінің жүйелі жұмысы және қоғамның белсенділігі қатар жүруі тиіс екенін айтты. Сапалы тәрбие берудің негізгі алғышарты.


НЫШАН БАЙҒҰТОВ, БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ

Біз келешек ұрпағымызды елін, жерін, халқын сүйетін нағыз патриот етіп тәрбиелеуіміз керек. Ал оған атсалысатындар кімдер? Әрине, біз осы ақсақалдар, жастар, қоғам болып қолға алуымыз қажет. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Адал азамат, Әділетті Қазақстан, Жаңа Қазақстан құрамыз» деді. Ал оны кім құрады? Әрине, біз құрамыз. Мінекей, бүгінгі жастар өз орындарына жауапкершілікпен қарауы керек.


Ұйымдастырушылар ел болашағы жастар екенін, оларды тәрбиелеу ісінде бірлік пен үйлесімді жұмыс қажет екенін атап өтті.