Қазақстанда тәулігіне жарты миллионнан астам таңбаланған дәрі сатылады. Бұл азаматтарды сенімді өніммен қамтып отырғанның дәлелі. Бүгін шһар тілшілері Polharma Santo зауытындағы стирилизация жүйесімен танысты. Препараттың тұтынушыға жеткенге дейінгі жолын көзбен көрді.
2024 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде дәрі-дәрмекті міндетті цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді. Бұл бастама контрафактілік өнімдермен күресуге және нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі таңда 19 отандық өндіруші, 276 көтерме сауда ұйымы, 8000-нан астам дәріхана мен 1900-ден көп медициналық мекеме осы жүйеге қосылған. Аталған тізімде Шымкент қаласының үлесі айрықша.
АНАР ЖҰМАТАЙҚЫЗЫ, БІРЫҢҒАЙ ТАҢБАЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ ОПЕРАТОРЫНЫҢ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ
Шымкент қаласы Қазақстанның фармацевтикалық орталықтарының бірі болып табылады. Осы жерде өндіруші де, тұтынушы да, арнайы қойма да бар. Сондықтан біз осы жердегі жұмыспен таныстырғымыз келеді.
Бұл жүйе дәрі-дәрмектің өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын автоматтандырып, QR-код арқылы толық қадағалауға жол ашады: қай күні, қай жерде, қандай дәрілік зат сатылғаны – барлығы ақпараттық платформада тіркеліп отырады.
АЙНҰР САДЫҚОВА, ДСМ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бірыңғай дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалау ақпараттық жүйесі бар. Осы жерде барлық нарықтағы дәрілік заттардың айналымына қатысушылар тіркеледі. Дәрілер өндірушіден тұрғынға жеткенге дейінгі жолын бақылауға болады.
Соңғы деректерге сәйкес, қазақстанда 417 миллион дәрілік зат таңбаланып, оның 60%-ы жалпы нарық көлемін қамтыған. Шымкентте бір жылдың ішінде 4,9 миллион қаптама препарат сатылған. Бұл – таңбалау жүйесінің нәтижесінде фармацевтикалық қауіпсіздік пен ашықтықтың арта түскенінің айқын дәлелі. Енді тұтынушы қай күні, қай жерде, қандай дәріні сатып алғанын QR-код арқылы тексере алады.
МИРАС МҰХАМЕДИЯРОВ, ҚОЙМА МАМАНЫ
Бұл жерге дейін дәрі-дәрмектер таңбаланып, арнайы QR-кодпен келеді. Біз сол тауарларды реттеп тұтынушыға, яғни аптекаларға жөнелтеміз.
Мамандар таңбаланған өнімдердің ең жоғары сұранысқа ие түрлерін де жария етті. Айтуларынша, этил спирті мен аспириннің өткізілуі алдыңғы қатарда. Одан кейін парацетамол, натрий хлориді және цитрамон сынды дәрілер тұр. Жаңа технология пациенттің құқықтарын қорғап, өнім сапасын және бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етуге жол ашады.