«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытындыланды. Сайысқа 200-ге жуық отбасы өтінім жолдаған. Үздік деп танылған 20 жанұя марапатталып, бас жүлде иегеріне 1 млн теңге берілді.


Нұртаевтар әулеті – теміржолшылар шаңырағы. Нұрғали мен Әсиядан тараған 4 ұл, 8 немере түгелдей дерлік шойын жолда қызмет етеді. Кәсібі бір отбасының түсінігі де ортақ. Бір жағадан бас шығарып, кез-келген мәселені жедел шешеді. Қалалық кезеңнің жеңімпаздары: «шаңырақтың шаттығы – өзара сыйластықта» дейді.


ӘСИЯ НҰРТАЕВА, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ

 – «Отбасының құпиясы – бірін бірі тыңдау. Біріне – бірі сөз қайтармау.» «Кішіге ізет көрсету керек, үлкенге құрмет көрсету керек»  «Ары қарай соны кейінгілерге үлгі ету.» 21-ғасыр даму ғасыры. Білім, ғылым, дін, діл осы төртеуін қатар алып жүрген балалар өте жоғары дәрежеде дамып, жақсы отбасын құрып, бақытты болып отыр.» 


Арнайы жасақталған комиссия өкілдері үміткерлерді отбасындағы қарым-қатынас, қоғамдағы рөлі мен жетістіктері сынды көрсеткіштерге сүйене отырып бағалаған.


АҚБОТА ОСПАН, КОНКУРСТЫҚ КОМИССИЯ ХАТШЫСЫ

 – «Ұлттық байқаудың негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту. Өскелең өренге патриоттық сезімді, отбасылық құндылық деген түсінікті дәріптеу.»  «Комиссияның төрағасы болып аудан әкімдерінің гендрлік, отбасы құндылықтары жөніндегі орынбасарлары тағайындалған.» 


Жанұялық жарыс 12 жылдан бері үздіксіз өтіп келеді. Осы аралықта 1000-нан аса қатысушы бақ сынап, көпке үлгі болды. Алдағы уақытта олар көрсеткен тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар арнайы жинақ болып жарық көреді.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

– «Қалалық байқаудың жеңімпаздарына арналған арнайы кітап шығарамыз деп отырмыз.»  «Дәстүрлі құндылықтар бұрынғыдан да аса дәріптелуі керек, бұрынғыдан да артық қадірленуі керек деп түсінеміз.» 


Жүзден жүйрік танылған үлгілі отбасы енді Астанада өтетін байқаудың ақтық сынында өнер көрсетеді.