Жаңа оқу жылына аз ғана уақыт қалды. Қалада 250-ден аса білім ошағы болса оның 9-да құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Қалалық мәслихаттың депутаттары мен уақытша комиссия мүшелері жаңғыртылып жатқан нысандарды аралап шықты. Оқу жылына дайындығын пысықтады.


Комиссияның жұмысы ең алдымен №75 мектеп-гимназиядан басталды. Мұндағы құрылыс көктем айларында қолға алынған. Қазір сыныптар сырланып, жиһаздар ауыстырылып, оқушы қабылдауға сақадай сай. Әрлеу жұмыстары ғана қалып отыр.


БАХАДЫР НАРЫМБЕТОВ, МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ

Қаладағы әлеуметтік нысандардың сапалы әрі уақытылы аяқталуы — біздің басты назарымызда. Білім беру мекемелері жаңа оқу жылына толық дайын болуы тиіс. Бұл – балалардың жайлы жағдайда білім алуы үшін жасалып жатқан маңызды жұмыс.


Ал мынау – №1 дарынды балаларға арналған IT лицей-интернаты. Мұнда да құрылыс жұмыстары қарқынды. Жауапты мамандар 1 қыркүйекке дейін оқу ғимараты толық дайын болады деп сендірді. Білім ошағы 270 оқушыға арналған. Мектептен бөлек, жатақханасы да күрделі жөндеуден өтіп жатыр.


АЯТ АЛЖАНОВА, №1 ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ІТ ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары толық қарқынмен жүріп жатыр. Кабинеттер жабдықталып, оқу процесіне қажетті барлық жағдай жасалуда. Біз үшін басты мақсат — оқушылардың қауіпсіз, жайлы ортада сапалы білім алуына мүмкіндік беру


Одан соң комиссия мүшелері Ақпан батыр атындағы № 10 жалпы орта мектепке барды. Бұл білім ұясының құрылысы 100 пайызға аяқталған. Көргеніміздей, әлеуметтік нысандардағы жөндеу-құрылыс шаралары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Құрылыс басқармасының мамандары барлық мекемелердегі үдерістер қатаң қадағалауда екенін жеткізді.


АБЗАЛ ЕРДОСҰЛЫ, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

Қазіргі таңда әлеуметтік нысандардың құрылысы бекітілген жоспарға сай жүргізілуде. Барлық жұмыстардың сапасы қатаң қадағаланып, мерзімінде аяқталуы қамтамасыз етіледі.


Белгіленген жоспарға сай барлық оқу нысандарындағы жаңғырту жұмысы тамыз айының 20-на дейін аяқталуы тиіс.