Елімізде өтіп жатқан экологиялық акция аясында Шымкенттегі өзен-көлдердің айналасында санитарлық тазалау жүргізіліп жатыр. Еріктілер туристік орындар мен адам көп жиналатын жерлерде қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шараларға қатысып келеді. Бұл жолы жас белсенділер Бадам су қоймасының маңында экоакция ұйымдастырды.
Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл шараға 200-ден астам ерікті қатысты. Олар алдымен «Бадам» су қоймасына барды. Бұл – қала тұрғындарының жиі барып демалатын орны. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындар тазалық мәдениетіне салғырт қарайды. Сондықтан еріктілер бір рет тазаланған аумаққа қайта келуге мәжбүр екендерін айтады.
КӨРКЕМ БИСЕТОВА, ЕРІКТІ ЖАС
«Біз әр сенбі Шымқала жастары және қаламыздың белсенді ұйымдарымен бірге сенбілікке шығамыз. Осы күнге дейін көптеген аумақтарда қоршаған ортаны тазалауға атсалыстық. Қаламыздың көптеген аудандарын, саябақтарды, базар аумақтарын тазаладық. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қаламызды бірге тазартуға баршаңызды шақырамыз»
КАМОЛА МҰРАТЖАНОВА, ЕРІКТІ ЖАС
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, “Таза Қазақстан” — бұл бір күндік науқан емес, ол біздің өмір салтымызға айналуы керек. Өйткені табиғатты қорғау — барлығымыздың міндетіміз. Біз үлгі көрсете отырып, өзгелерге де әсер етеміз деп сенеміз»
Ресурстық орталық мамандары экоакция аясында мектеп оқушыларына ерекше жоба ұсынып отыр. Жоба бойынша оқушылар жинаған қоқысты мектепке қажет құрал-жабдықтарға ауыстыра алады. Ол үшін арнайы талаптар қойылады.
АРУЖАН ӘЛЖАН, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ
«Мектеп оқушыларына “Қоқыс әкел – сөмке алып кет” атты жобаны ұсынып отырмыз. Бұл бастаманы әлем чемпионы қолдады, ол өзінің есімін жария еткісі келмеді. Дегенмен, демеушілік жасап, мектепке қажетті құрал-жабдықтарды сатып әперді. Біз әрбір жиналған қоқысты бейне есеп арқылы тексеріп, нақты қай жерден алынғанын анықтаймыз. Сол арқылы ешқандай талапсыз сөмке мен кеңсе тауарларын сыйға тартамыз»
Шаһар бойынша экоакциядан тыс, күніге 1000 тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Қазіргі таңда қалдықтарды сұрыптау мәселесі қолға алынған. Қоқыс полигонында зауыт салынып, қалдықтарды қайта өңдеу ісі қолға алынады. Бұл іске Қытайлық инвесторлар қызығушылық танытып отыр.
ЖАРЫЛҚАСЫН ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қоқыс өңдеу зауытын салу бойынша біз министрлікпен және “Kazakh Invest” акционерлік қоғамымен бірлесіп белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Егер жыл соңына дейін ортақ келісімге келсек – тариф, инфрақұрылым, бизнес-жоспар секілді мәселелер шешілсе – құрылыс жұмыстары биыл басталуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл жобаға 5-6 инвестор қызығушылық танытып отыр. Конкурсты министрлік ұйымдастырады. Соның нәтижесінде жеңімпаз анықталады»
Үшінші мегаполисте 3000-ға жуық ерікті жас бар. Олар жыл басынан бері қоқыс полигонына 30 тоннаға жуық қалдық жеткізген.